Молибден дисульфиді (MoS₂) — қабатты құрылымы мен бірегей физикалық-химиялық қасиеттері бар өтпелі металл қосылысы. Ол сутегін электрохимиялық жолмен бөліп алу реакциясында (HER) катализатор ретінде кеңінен зерттеліп келеді. MoS₂ кристалдық құрылымы S–Mo–S қабаттарынан тұрады, мұнда қабаттардың шеттік аймақтары каталитикалық белсенді орталықтар болып саналады. Алайда MoS₂ материалын қолдануда ақауларды бақылау, тұрақтылықты қамтамасыз ету, электрөткізгіштігін арттыру және материалды өнеркәсіптік ауқымда синтездеу мәселелері әлі де өзекті болып отыр. Бұл шолу жұмысында MoS₂ материалын сутегін бөліп алу реакциясында қолданудың қазіргі заманғы тәсілдері жинақталып, оның сутегін өндіруге арналған катализатор ретіндегі артықшылықтары қарастырылады. Сонымен қатар каталитикалық тиімділікті арттыруға бағытталған негізгі мәселелер мен оларды шешу стратегиялары сипатталады. MoS₂ материалының электрокаталитикалық сипаттамаларын жақсарту мақсатында шеттік белсенді орталықтарды белсендірудің әртүрлі әдістерін жүйелеуге ерекше назар аударылған. Бұдан бөлек, MoS₂ наноқұрылымдарын қалыптастыру, легирлеу және гетероқұрылымдар алу, фазалық ауысуларды басқару, бетті модификациялау, сондай-ақ шеттік орталықтардың белсенділігін арттыруға және материалдың жалпы каталитикалық тиімділігін жақсартуға мүмкіндік беретін озық синтез технологиялары қарастырылған. Сонымен бірге сутегін бөліп алу реакциясында MoS₂ материалын практикалық қолдану мүмкіндіктері, болашақ ғылыми зерттеулердің перспективалық бағыттары және оның басқа электрокаталитикалық реакцияларда қолданылатын материалдармен салыстырмалы сипаттамалары баяндалған. MoS₂ сутегін өндіруге арналған бәсекеге қабілетті перспективалы электрокатализатор ретінде кеңінен қарастырылғанымен, оның әлеуетін сутегі энергетикасына арналған электролизерлерде толық іске асыру үшін қосымша ғылыми зерттеулер жүргізу қажет
