Касымканова Райгүл Нурбекқызы

Касымканова Райгүл Нурбекқызы

Өмірбаян
Ғылыми зерттеу бағыты
Бағдарламада орындайтын жұмыстары

Касымканова Райгүл Нурбекқызы ШҚО Марқакөл ауданында 1985 жылдың 26 сәуірінде көпбалалы отбасында дүниеге келген. Әкесі Қасымқанов Нұрбек Мамырханұлы математика пәнінің үздік мұғалімі, анасы Қасымқанова Сабира Нығметқызы алдыңғы қатарда жүрген кітапханашы.  Қасымқанова Райгүл  1991 жылы Жантай орта мектебінің табалдырығын аттап, кейіннен 1995 жылдан оқуын Ақбұлақ орта мектебінде жалғастырды.  2001 жылы мектепті үздік аттестатпен аяқтап, Өскемен қаласында С:Аманжолов атындағы Шығыс Қазақстан мемлекеттік университетіне «Физика және информатика» мамандығына гранқа оқуға түсті. Университет қабырғасында оқып жүргенде бірнеше студенттік ғылыми конференцияларға қатысып, ғылым жолындағы алғашқы қадамын жасай бастады. 2004 жылы Павлодар қаласында өткен физика пәнінен Республикалық университетаралық командалық олимпиаға қатысып, университет командасы 2 орынға ие болды, сол жылда университеттің «Үздік физигі» атағына ие болды. 2005 жылы университетті үздік дипломмен аяқтады. Оқу бітірісімен білім және ғылым жолындағы еңбегін жалғастыру мақсатымен ШҚМУ «Физика» мамандығына магистратураға оқуға түсті. Ф.м.ғ.к., доцент Индира Кабдыракымовна Мамырбаеваның жетекшілігімен стационар магнит өрісіндегі бір өлшемді ішектің тербелісін зерттеу жұмысымен айналысып, 2007 жылы үздік дипломмен аяқтады. Магистратурада оқу барысында №44 мектеп-гимназиясында оқушыларды біріңғай тестік бақылауға дайындаумен айналысты, әрі Шығыс Қазақстан мемлекеттік техникалық университетінде «Техникалық физика» кафедрасында ассистент лауазымында жұмыс істеді. Магистратурада оқып жүріп, бірнеше ғылыми конференцияларға қатысып, ғылыми мақалалар жариялады. Оқу бітірісімен, алғашқы жылы С.Сейфуллин атындағы Қазақ Агротехникалық университетінде жұмыс атқарып, кейіннен Л.Н.Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетіне ауысты. 2009 жылы аталмыш университетке «Физика» мамандығы бойынша докторантураға грантқа оқуға түсті. Докторатура бағдарламасы бойынша ф.-м.ғ.д., профессор Абдраш Тасанұлы Ақылбековтің бағыт беруімен Томск политехникалық университетінде ғылыми іссапарға жіберіліп, ф.-м.ғ.д., професоор Людмила Александровна Лисицынаның жетекшілігімен қатты дене физикасы саласында ғылыми жұмыспен айналысты. Әртүрлі поливалент металдардың тотығымен активтендірілген LiF кристалдарында импульстік радиацияның әсерінен ақаулардың пайда болуы мен түзілуін зерттеді. Алынған нәтижелер бойынша бірнеше мақалалар шығарылып, көптеген ғылыми халықаралық конференцияакцйцәнларда ағылшын және орыс тілдерінде ауызша баяндамалцәеғар жасады. Мәселен, «Сommunication, Electrical and Medical Application 10» (Афины, Греция) конференциясында «Modified Solution of Summerfield’s problem» тақырыбына, «International Conference Defects in Insulation Materials 12» (Санта Фе, Нью Мексика, США) конференциясында «Radiation transformation of the oxygen-containing impurity in LiF crystals doped with different polyvalent cations» тақырыбына ауызша баяндамалар оқыды. 2013 жылдың қыркүйек айында Әл-Фараби атындағы Қазақ Ұлттық Университетінің қарамағында құрылған Ғылыми Кеңесте «Дефектообразование в кислородосодержащих кристаллах при импульсном радиационном воздействий» тақырыбында PhD докторлық диссертациясын қорғады. Қазір 2 монографиясы, 25-ке жуық жоғары рейтингті және импакт факторлы ғылыми журналдарда ғылыми мақалалары, 20 — ға жуық халықаралық ғылыми конференциялар материалдарында жарияланған жұмыстары бар. «Сибак» (РФ), «Жаратылыстану Академиясы» (РФ) сияқты баспаларда ғылыми рецензент қызметін атқарады, бірнеше ғылыми жобалардың мүшесі. Электродинамика, қатты дене физикасы саласында еңбек етуде. Электродинамика, электр және магнетизм, кванттық механика, механика, қатты дене физикасы сияқты курстарды оқытуда. Бүгінгі таңда, алған білімі игерген тәжірибелерін пайдаланып, еліміздің өркендеуіне үлес қосатындай жұмыс атқарып, кәсіби біліктілігін арттыра түсуді мақсат етеді. Болашақта алдыңғы қатарлы мамандарды дайындауға да өз үлесін қосуды көздейді. 

2023 жылдың «Үздік ЖОО оқытушысы» атанды. Хирш индексі – 8.

2024 жылдан бастап «Theoretical prediction of highly efficient nanocomposite electrocatalyst for ultrahigh capacity and long life rechargeable Li-O2 batteries» ғылыми жобасы төңірегінде ғылыми жұмыстар жүргізуде.

4 қызын тәрбиелеп отырған көпбалалы ана.

Каспий теңізінің экологиялық мониторингі, күн-жылу тұщыландырғышы, ақаба суларды тазарту, қатты тұрмыстық қалдықтарды жою.

Жобаны басқару, жұмыстарды жоспарлау, шарттар жасасу, мақалалар жазуға, экспедициялық жұмыстарға қатысу, баяндамалар жасау, шарттар мен есептерді ресімдеу.