Зерттеу тобының өкілдері М.К.Қаражанова мен К.Т.Бисембаева Қазақстандағы Каспий теңізі секторындағы теңіз операцияларының экологиялық тұрақтылығы мен тиімділігін арттыруға бағытталған мегажоба аясында шетелдік ғылыми тағылымдамадан өтті.
Тағылымдама Еуропадағы қазіргі заманғы DSA100 (Drop Shape Analyzer) құрылғысымен жабдықталған зертханада өтті. Бұл құрал екі сұйықтық арасындағы фазааралық керілу күшін (IFT) түрлі қысым жағдайында жоғары дәлдікпен өлшеуге мүмкіндік береді.
Зерттеу ерекшелігі – тәжірибеде нақты Каспий теңізінің суының пайдаланылуы, яғни Ақтау өңірінің жағалауынан алынған табиғи теңіз суы қолданылды. Бұл зерттеудің нәтижелерін табиғи жағдайларға барынша жақындатуға және олардың практикалық маңызын арттыруға мүмкіндік берді.
Тәжірибе барысында модельдік «n-декан – Каспий теңіз суы» жүйесі әртүрлі қысым жағдайларында зерттелді. Фазалар аралық керілу күшінің қысымға тәуелділігі анықталып, тамшының тұрақтылығы мен теңіз суының тұздылығының әсері талданды. Алынған нәтижелер теңіз ортасында мұнай тамшыларының қозғалысын гидродинамикалық модельдеу үшін маңызды мәліметтер болып табылады.
Тағылымдама барысында қатысушылар шетелдік мамандармен тәжірибе алмасып, жоғары қысымда жұмыс істейтін құралмен жұмыс істеу, эксперимент параметрлерін дұрыс орнату және ғылыми нәтижелерді интерпретациялау әдістерін меңгерді. Алынған білім мен тәжірибе алдағы ғылыми мақалаларға, есептерге және жобаның келесі кезеңдеріне негіз болады. Қабылдаушы зертханаға жоғары ғылыми деңгейі, қолдауы мен жылы қабылдауы үшін алғыс білдіреміз.