Мақалада 2010–2024 жылдар аралығында Каспий теңізінің қазақстандық
секторындағы гидробиологиялық қауымдастықтардың динамикасына кешенді талдау
жүргізілді. Зерттеу теңіз экожүйесінің үш негізгі компонентін қамтиды: фитопланктон,
зоопланктон және макрозообентос, олар трофикалық байланыстардың негізін құрап,
биотаның тұрақты қызметін қамтамасыз етеді. Анықталғандай, осы кезең ішінде
фитопланктонның түрлік әртүрлілігі 3,7 есе азайған — 74 таксоннан 20 таксонға дейін.
Қауымдастық құрамында диатомды балдырлардың (Cyclotella choctawhatcheeana) және
цианобактериялардың (Phormidium angustissimum) айқын басымдығы байқалады, бұл
эвтрофтанған және антропогендік әсерге ұшыраған су айдындарына тән құбылыс.
Зоопланктондар үшін 2024 жылға қарай биомассаның күрт өсуі — 47,7 есеге артуы тіркелді.
Бұл үдеріс ластануға, оттегі тапшылығына және тұрақсыз гидрологиялық жағдайларға
жоғары төзімді факультативті планктердің сандық басымдығымен түсіндіріледі. Оларға
қарағанда, макрозообентос қауымдастықтары биомассаның айтарлықтай төмендеуін
көрсетіп отыр — бастапқы көрсеткіштермен салыстырғанда 5,2 есе азайған. Ең елеулі
қысқару көпқылтанды құрттарда (Hediste diversicolor) байқалды, ол түптік қабаттардағы
жағдайдың нашарлауымен: ластану деңгейінің артуымен, оттегінің жетіспеушілігімен
және субстраттың лайлануымен байланысты. Алынған мәліметтер жиынтығы табиғи және
антропогендік факторлардың, соның ішінде климаттық өзгерістердің, мұнаймен
ластанудың және бөгде түрлердің енуінің әсерінен каспий экожүйесінің трофикалық
құрылымының терең трансформациясын көрсетеді. Зерттеу нәтижелері қолданыстағы
табиғат қорғау шараларын қайта қарау және теңіздің жағдайын мониторингтеудің жаңа
тәсілдерін әзірлеу қажеттігін айқындайды.
