Yessenov University-де жаңа Зерттеу орталығының құрылысы қарқынды жүріп жатыр.
Бүгінде нысанның жалпы дайындық деңгейі 65%-ды құрайды. Барлық жұмыс бекітілген кестеге сәйкес жүргізілуде. Ғимараттың темірбетон қаңқасы толықтай, яғни 100% аяқталды.
Қазіргі уақытта жертөледен бастап төртінші қабатқа дейін ішкі арақабырғалар тұрғызылып, сылақ жұмыстары жүргізілуде. Санитарлық тораптарға керамогранит төселуде.
Электрмен және жылумен жабдықтаудың сыртқы инженерлік желілері толық тартылып, электр генераторы орнатылды. Сондай-ақ бірінші қабаттағы витраждық құрылымдарды монтаждау жұмыстары кезең-кезеңімен атқарылуда.
Жаңа орталықтың басты құндылығы – оның заманауи ғылыми инфрақұрылымында. Мұнда сутегі технологиялары, суды тұщыландыру және қайта пайдалану, қабаттық флюидтер мен мұнай өндіру кезіндегі күрделі үдерістерді зерттеу, мұнай бергіштікті арттыру, геологиялық инновациялар, құрылыс және геотехникалық материалдарды сынау, атмосфералық ауа мен өнеркәсіптік шығарындыларды зерттеу бағытындағы зертханалар жұмыс істейтін болады.
Сонымен қатар геологиялық материалдардың сынамаларын дайындауға арналған арнайы орталық қарастырылған.
«Бұл нысан – университетіміздің ғылыми әлеуетін жаңа деңгейге көтеретін, жас ғалымдарымызға заманауи зерттеулер жүргізуге және өңірдің нақты мәселелеріне ғылыми негізделген шешімдер ұсынуға мүмкіндік беретін маңызды орта. Құрылыс жұмыстары белгіленген кестеден кешікпей, жоспарлы түрде жалғасуда. Ал Зерттеу орталығын осы жылдың қараша айында ашуды жоспарлап отыр.
Жаңа орталық Yessenov University-дің ғылым, технология және инновация тоғысқан заманауи зерттеу алаңына айналып, өңір мен еліміздің ғылыми-технологиялық дамуына қызмет ететініне сенеміз».
