Астана қаласында өткен Өңірлік экологиялық саммит – 2026 жұмысына қатыстым. Саммит Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев қатысуымен өтіп, өңірлік және жаһандық деңгейдегі экологиялық күн тәртібінің өзекті мәселелерін талқылауға арналды
Халықаралық RES 2026 EXPO көрмесі аясында еліміздің 8 жетекші жоғары оқу орны өз ғылыми әзірлемелері мен инновациялық жобаларын ұсынды. Көрмеде «жасыл» энергетика, табиғи ресурстарды тиімді басқару және тұрақты даму бағытындағы басымдықтар кеңінен көрініс тапты. Университеттердің қатысуы Қазақстанның ғылыми әлеуетінің жоғары деңгейін айқындап, академиялық қауымдастықтың экологиялық сын-қатерлерді шешуге және өңірдің жаңа технологиялық күн тәртібін қалыптастыруға дайын екенін көрсетті
Президент өз сөзінде экология мәселесінің тек климатпен шектелмейтінін, ол – адамзаттың өмір сүру сапасы, таза ауа, қауіпсіз су, тұрақты азық-түлік жүйесі және келер ұрпақтың әл-ауқатымен тікелей байланысты екенін ерекше атап өтті
Бұл ұстаным бүгінгі ғылыми қауымдастық үшін де айқын бағдар болып табылады.
Саммиттің панельдік сессиясында ҚР Ғылым және жоғары білім министрі Саясат Нұрбек өз сөзінде «жасыл» технологиялар мен тұрақты экономиканы дамыту мықты ғылыми база мен жаңа буын мамандарын даярлаумен тікелей байланысты екенін атап өтті. Ол жоғары білім беру жүйесі экономиканың сұранысына сай жаңғыртылып жатқанын, жасанды интеллект, инженерия және климаттық технологиялар бағыттары қарқынды дамып келе жатқанын жеткізді. Сонымен қатар, индустриялық PhD бағдарламалары енгізіліп, халықаралық ғылыми ынтымақтастық кеңейіп жатқанын ерекше атап өтті. Министр ғылым, білім және өндіріс арасындағы ықпалдастық елдің бәсекеге қабілеттілігін арттыратын негізгі фактор екенін баса айтты
Саммит аясында Yessenov University ғылыми-зерттеу қызметінің нәтижелерін ұсынып, Каспий теңізінің экологиялық тұрақтылығын қамтамасыз етуге бағытталған ірі жобаларымызбен таныстырдық.
Атап айтқанда, университетімізде жүзеге асырылып жатқан құны 4 млрд теңгені құрайтын мегагрант жобасы аясында Каспий теңізінің қазақстандық секторындағы теңіз операцияларының тиімділігі мен экологиялық тұрақтылығын арттыруға бағытталған кешенді ғылыми зерттеулер жүргізілуде. Жоба шеңберінде экологиялық таза отын түрлерін әзірлеу, теңіздегі қауіпсіз навигацияны қамтамасыз ету, мұнай төгінділерінің алдын алу және жою модельдерін жетілдіру, сондай-ақ жасыл сутек технологияларын дамыту бағытында жүйелі жұмыстар атқарылуда. Бұл бастама өңірдің табиғи-климаттық әлеуетін тиімді пайдалануға, декарбонизация үдерістерін жеделдетуге және ғылым мен өндіріс арасындағы байланысты нығайтуға мүмкіндік береді
Біз сондай-ақ сутектік энергетика саласындағы зерттеулерімізді, оның ішінде PEM-электролиз технологиясы негізінде жоғары тазалықтағы сутегін өндіруге арналған зертханалық қондырғыларды таныстырдық. Бұл бағыт болашақта өңірдің энергетикалық тәуелсіздігін қамтамасыз етуде маңызды рөл атқарады.
Университет ғалымдары әзірлеген цифрлық модельдер теңіздегі мұнай төгінділерін болжау, экологиялық тәуекелдерді бағалау және төтенше жағдайларға жедел әрекет ету жүйелерін жетілдіруге мүмкіндік береді. Сонымен қатар, теңіз деңгейінің өзгеруі мен жағалау аймақтарының трансформациясын зерттеу бағытында халықаралық ғылыми ынтымақтастық табысты жүзеге асуда
Қазіргі таңда университет базасында жаңа ғылыми-зерттеу инфрақұрылымы қалыптасып, Каспий өңірінің экологиялық, энергетикалық және технологиялық сын-қатерлерін шешуге бағытталған іргелі және қолданбалы зерттеулер жүйелі түрде жүргізілуде.
Мен мұндай саммиттерді мемлекеттер арасындағы өзара түсіністік пен тиімді диалогты нығайтатын маңызды алаң деп санаймын. Олар ғылым мен тәжірибені ұштастырып, еліміздің экологиялық қауіпсіздігі мен тұрақты дамуын қамтамасыз етуге нақты серпін береді.
Yessenov University үшін бұл бағыт – тек ғылыми міндет емес, бұл – өңірдің тұрақты дамуына және еліміздің болашағына қосылған нақты үлес.
